Ол басқа депутаттарға тегін ауыстыру жөнінде үндеу тастағысы келмейтінін айтқан
Депутат Ринат Зайыт Qaz365.kz тілшісіне не себепті тегін Зайытовтан “Зайыт” деп өзгерткенін айтып берді.
«Ов және вич деген біздің үлкен аға-апайларымыз айтпақшы, бұл – кезіндегі кеңес үкіметінің, патшалық Ресейдің бодандығындағы бізге тағылған айдар іспетті. Аға-апайларымның тілімен айтқанда, бұл кеңес үкіметінің бізге кигізіп қойған қамыты деп есептеймін», – деді ол.
Ринат Зайыт басқа депутаттарға тегін ауыстыру жөнінде үндеу тастағысы келмейтінін айтты. Бұл мәселе әркімнің өз еркінде деп ойлайтынын жеткізді.
«Төлқұжатында жазылғаннан кейін әр адамның есімі – жекеменшігі. Сондықтан, біреуге кеңес бере алмаймын», – деді Ринат Зайыт.