Судья бұл әрекет үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
2025 жылғы 15 мамырда Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша судья блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларын сотқа қысым жасамауға шақырды, деп хабарлайды qaz365.kz.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша басты сот процесі жалғасты. Отырысты судья Ержан Жанұзақов ашып, қазақстандықтарға, әсіресе блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасады.
Құрметті процесс қатысушылары, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде бұл іске қатысы жоқ блогерлер мен басқа да пайдаланушылар тергеу және сот процесінің барысына қатысты жеке пікірін айтып, субъективті баға беруде. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес, сот төрелігін тек сот жүзеге асыратыны және сотқа қысым көрсетуге жол берілмейтіні атап көрсетілген. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз. Сот үкімі шығып, заңды күшіне енгенге дейін іс барысын түсіндіруге және оған құқықтық баға беруге тыйым салынады, – деді Ержан Жанұзақов.
Судья барлық қазақстандықтарға және процесс қатысушыларына істің жан-жақты әрі объективті қаралатынын, оқиғаның барлық мән-жайы мен қылмыстық іс материалдары мұқият зерттелетінін уәде етті.
Сот тек заң аясында өтеді және барлық жайт әділ қарастырады. Осыған байланысты жеке пікір білдіріп жүрген блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларын сотқа қысым көрсетуден бас тартуға шақырамын, – деді Ержан Жанұзақов.