Абай облысының жаңа логотипі таныстырылды

Qaz365.kz редакциясы

Логотиптегі жазу латын қарпімен «Abai» деп жазылған, әрбір әріп терең мағыналық жүктемемен безендірілген:

Абай облысы өзінің жаңа бірегей логотипін көпшілік назарына ұсынды. Бұл таңба – өңірдің тарихи, мәдени және рухани ерекшелігін айқын сипаттайтын символ ретінде жасалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Логотиптегі жазу латын қарпімен «Abai» деп жазылған, әрбір әріп терең мағыналық жүктемемен безендірілген:

«A» әрпінің ішінде – Семей қаласының символына айналған аспалы көпір бейнеленген. Бұл – өңірдің заманауи келбетін және инженерлік дамуын көрсетеді.

«b» әрпінде – көшпелі өмірдің белгісі, қазақы киіз үй орналастырылған. Бұл – халықтың ұлттық болмысы мен салт-дәстүріне құрметтің белгісі.

«a» әрпінде – Абай Құнанбайұлы білім алған медресе көрініс тапқан. Бұл – ұлы ойшылдың дүниетанымына әсер еткен рухани білім ордасының нышаны.

«i» әрпі – (intelligens) Алаш арыстары бас қосқан тарихи орын бейнесінде. Бұл – қазақ интеллигенциясының алтын бесігі саналатын өңірдің маңызды тарихи рөлін көрсетеді.

Логотиптегі әрбір элемент қазақтың бай мұрасы мен бүгінгі рухани жаңғыруын ұштастыра отырып, «Абай жолын» бейнелейді. Сонымен қатар, композиция қазақы ою-өрнекпен көмкеріліп, нақышты әрі заманауи стильде ұсынылған.

Жаңа логотип минималистік тұрғыда жасалған, заманауи графика талаптарына сай. Бірден есте сақталып, оңай танылатын бұл нышан облыстың ресми іс-шараларында, құжаттарында және таныстырылым материалдарында кеңінен қолданылатын болады.