Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Ерлан Қожағапановты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп танып, оны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті, мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K ірі ивент-агенттігінің басшысы Ләззат Көккөзоваға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Ерлан Қожағапановты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп танып, оны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ал Көккөзова бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, Ерлан Қожағапанов 2013-2016 Спорт және дене шынықтыру агенттігін басқарды және Қазақстан футбол федерациясының президенті болды. 2017-2019 жылдар аралығында Мәдениет және спорт вице-министрі болған.
Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Қожағапанов 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.