Кондиционер орнатамын деп айыппұл арқаламаңыз: заңды жолы қандай

Qaz365.kz редакциясы

Ғимараттың қасбетіне өз бетімен кондиционер орнату – заң бұзушылық

Сурет ашық дереккөзден

Жаздың аптап ыстығында көпқабатты үйлердегі тұрғындар кондиционер орнатуға асығады. Бірақ сыртқы блокты ғимараттың қасбетіне өз бетіңізше орнату – заң бұзушылық екенін көпшілік біле бермейді. Мұндай әрекет үшін айыппұлға ғана емес, жабдықты мәжбүрлі түрде алып тастауға да әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заң сөйлесін

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 505-бабы бойынша, рұқсатсыз орнатылған кондиционерлер – әкімшілік құқық бұзушылық. Қасбеттің сыртқы көрінісін өзгерту үшін жергілікті атқарушы органнан немесе тұрғын үй басқару органынан рұқсат алу қажет.

Заң бойынша, ғимараттардың, әсіресе, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың сыртқы көрінісі тиісті жағдайда сақталуы тиіс. Қасбетке кез келген өзгеріс енгізу уәкілетті органдармен және көппәтерлі үйлерді басқару органдарымен келісілмеген жағдайда заңсыз деп танылады.

Айыппұл мөлшері қандай?

•    Жеке тұлғаларға – 20 АЕК (73 840 теңге).
•    Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК (110 760 теңге).
•    Орта бизнес субъектілеріне – 40 АЕК (147 680 теңге).
•    Ірі бизнес субъектілеріне – 100 АЕК-ке дейін (369 200 теңге).
Айыппұлдан бөлек, қасбетті қалпына келтіру шығындары да сіздің мойныңызға жүктеледі.

Қалай орнатқан дұрыс

1.    Пәтер иелері кооперативінен (ПИК) немесе басқарушы компаниядан рұқсат алыңыз.
2.    Егер үй тарихи нысан болса, әкімдікпен келісіңіз.
3.    Қасбетті зақымдамай, көршілерге қолайсыздық тудырмай орнатыңыз.

Егер айыппұлды алғашқы 7 күнде төлесеңіз – 50% жеңілдікпен өтей аласыз. Егер әділетсіз деп санасаңыз, әкімшілік сотқа немесе eGov.kz порталы арқылы шағымдаңыз.