Жобаға бюджеттен 7,5-8 миллиард теңге бөлінген
Алматы облысына қарасты Райымбек ауданында республикалық маңызы бар 74 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Qaz365.kz тілшісі Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевпен аудан жолдарының қазіргі жағдайы мен жөндеу жұмыстарының барысы туралы сұхбаттасты.
89 шақырым
Райымбек ауданында республикалық маңызы бар жолдың 89 шақырымы бар. Әкімнің айтуынша, бұл жол тұрғындарды әбігерге салып келген. Мемлекет басшысының, депутаттардың және Алматы облысы әкімінің қолдауымен қазіргі таңда бұл жолды жөндеу жұмыстары басталған.
«Былтыр 89 шақырымның 15 шақырымы жөнделді. Енді қалған 74 шақырымды жөндеу жұмыстары басталады. Мердігер ретінде «7» компаниясы анықталды. Бүгінде техника жеткізіліп, жұмыстарға дайындық басталды. Республикалық бюджеттен орташа жөндеу жұмыстарына 7,5-8 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыстар 2026 жылы толық аяқталады», – дейді Дүйсенбаев.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы
Берік Дүйсенбаевтың айтуынша, Райымбек ауданында облыстық маңызы бар 240 шақырым жол бар. Оның 98 пайызы толық жөнделген, ал қалған 2 пайызына қаражат қажет. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 282 шақырым жолдың 65 пайызы жөнделді. 2025 жылдың бюджетімен бұл көрсеткішті 85 пайызға жеткізу жоспарланған.
Фото: Райымбек ауданы әкімдігі
«Ауданға келгелі бері әлеуметтік нысандар, ауыз су және жол мәселелері бойынша көптеген проблема шешілді», – деп атап өтті әкім.
Берік Дүйсенбаевтың сөзінше, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу «ҚазАвтоЖол» мекемесі құзіретінде.
«Жолдардың сапасы соңғы жылдары күрт нашарлады. Осыдан 4-5 жыл бұрын жақсы болатын. Сенат төрағасы, депутаттарына үлкен алғыс. Ауылдарға келіп, елді мекендермен танысып, жолдарды көргеннен кейін республикалық деңгейде мәселе көтерді. Нәтижесінде қаражат бөлініп, жұмыстар басталды», – дейді аудан әкімі Дүйсенбаев.