«30 мыңнан 300 мыңға дейін»: Депутаттар азық-түлікке айына қанша жұмсайтынын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Бір отбасын асырау үшін айлық табыс қанша болу қажет

Коллаж Qaz365.kz

Қазақстандық депутаттар өз отбасыларының ай сайынғы азық-түлікке жұмсайтын шығыны жайлы айтып берді. Qaz365.kz тілшісі ел алдында жүрген мәжілісмендердің отбасылық бюджетіне қатысты пікірін сұрап білді.

«Көрпеге қарай көсілу керек» 

Мәжіліс депутаты, экономист Дәулет Мұқаевтың айтуынша, азық-түлікке ай сайын шамамен 100–120 мың теңге кетеді.

«Біздің үйде қонақ жиі келеді. Айына азық-түлікке 100-120 мың теңге жұмсалады. Оның өзінде ет алмаймыз – ет ауылдан келеді», – дейді ол.

Мұқаев қалада тұратын бір отбасы үшін айлық табыс 300 мың теңгеден төмен болмауы керек деген пікірде. Оның сөзінше, ауылдық жерде бұл көрсеткіш төмен болуы мүмкін.

«Ауылда 150 мың теңге шамасындағы табыс жеткілікті болуы мүмкін. Себебі олар киноға бармайды, таксиді көп қолданбайды. Көмір, газ ғана қажет. Ет пен сүт – өздерінен. Қалада болса, барлығын сатып алуға тура келеді. Азық-түлік бағасы да әр жерде әртүрлі: базар, супермаркет, акциялар... Көрпеге қарай көсілу керек», – деді депутат.

«Көнеміз ғой, қайтеміз» 

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, азық-түлікке ай сайын шамамен 300 мың теңге жұмсалады.

«Айлықтың 40 пайызы азық-түлікке кетеді. Шамамен 300 мың теңге жұмсаймыз. Үш балам бар. Әйелім бала күтіміне байланысты үйде отыр. Азық-түлік қымбаттап барады. Көбірек жұмыс істеу керек», – дейді ол.

Оның айтуынша, отбасын асырау үшін ең кемінде 200 мың теңге болуы тиіс. Депутат болғанға дейін бизнесте жүрген ол қазіргі табысының 600–700 мың теңге шамасында екенін айтты. 

«Қазақстанда ең кемінде айлық 200 мыңдай болу керек, сол жетеді деп ойлаймын. Таныстарым бар, достарым бар, олар да сол ақшаға өмір сүріп жатыр. Маған да оңай емес. Мен өзім кезінде бизнесте жүрген адаммын. Менің айлығым депутаттыққа келгенде біраз кеміді. Енді өзіміз саясатқа, халыққа қызмет етуге бет бұрғандықтан көніп жатырмыз», - дейді Қошмамбетов.

«Айлықтың жартысы азық-түлікке кетеді»

Депутат Мұрат Әбенов отбасының шығынын нақты есептемегенімен, табысының жартысы азық-түлікке жұмсалатынын айтты.

«Қазақы орта болған соң ағайын-туыс, немерелер келіп жатады. Сол себепті нақты соманы айту қиын. Айлығым – 800–900 мың теңге. Бір отбасын асырау үшін орта есеппен 370 мың теңге қажет», – деді ол.

«Барыңды қанағат етіп өмір сүресің»

Депутат Мақсат Толықбай азық-түлікке ай сайын шамамен 180–200 мың теңге кететінін есептеп шыққан.

«Азық-түліктің өзіне айына шамамен 180-200 мыңдай кетеді. Балалардың күнделікті мектепке баруы, олардың тамақтануына кететін білінбейтін шығындар да бар. Балаға күніне 500-1000 теңгеден беріп отырамыз. Бір отбасы өмір сүруі үшін кемінде 400-500 мың теңге болуы керек.  Мәселен, киім-кешегің, балалардың оқуы, азық-түлігі бар. Егер жалдамалы пәтер, ем-дом, қарт ата-ана болса – бұл сома 700 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Барыңды қанағат етіп өмір сүресің», - дейді Толықбай.

300 мың мен 30 мыңның айырмасы

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, отбасы азық-түлікке ай сайын 300 мың теңге жұмсайды. Ал Ардақ Назаров 40–50 мың теңгемен де күн көруге болатынын жеткізді.

 «Менің отбасым үлкен. Себебі інілерім бар, студенттер бар. Жолдасыммен азық-түлікке 300 мыңдай жаратамыз» - дейді Қожаназаров.

 «Біз етті ауылдан аламыз. Азық-түлікті жақсылап алатын болса, 30-40 мың, 50 мың теңгенің айналасында кететін шығар. Бізде аста-төк дастархан жоқ. Нан-шайымыз бар, майымыз бар. Дастарханымыз өте қарапайым. Күнде дәмхана, мейрамханаға бармаймыз. Өзім жоқшылықты көріп өстім. Спортзалдың жертөлесінде тұрдым. Сонда менің күнделікті тамағым – нан мен шай, картоп болған. Нанның қадірін білемін», - дейді депутат Назаров.

 «Жеткілікті өмір - 800 мың теңге»

Депутат Зайыт азық-түлікке үйдегі жолдасы жауапты екенін, алайда бюджеттің басым бөлігі тамаққа кететінін айтты. Сондай-ақ ол бір отбасы жеткілікті өмір сүруі үшін 800мың теңге қажет екенін мәлімдеді.

«Мен өтірік айтпаймын. Есептеп көрген жоқпын. Өйткені, онымен келіншегім айналысады. Бірақ оның қымбатшылық деп «жылағанына» қарағанда бюджеттің басым бөлігі тамаққа, күнделікті керекті заттарға кетеді. Айлық табыс өлместің күнін көру үшін 300мыңнан кем болмау керек. Ал жеткілікті өмір сүру үшін кемінде 800 мың теңге қажет», - дейді Зайыт.

Нұрән Әділет