Елімізде ақылы жолдардан қанша табыс түскен

Qaz365.kz редакциясы

Марат Қарабаев қаражаттың қайда жұмсалғанын да алға тартты.

Qaz365.kz

Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев 2024 жылы ақылы жолдардан қанша қаражат жиналғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Көлік министрі Сенатта өткен Үкімет сағатында сөз сөйледі. Марат Қарабаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 ақылы жол учаскесі жұмыс істеп тұр. Былтыр бұл жолдардан 48 миллиард теңге жиналған.

Министрдің сөзінше, алдағы жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жолдардан 100 миллиард теңгеге дейін табыс табады деп күтілуде.

Биыл жөндеу жұмыстары аяқталысымен қосымша 6,2 мың шақырымды қамтитын 29 жол учаскесін ақылы ету жоспарланып отыр. Бұл учаскелерден түсетін табыс 100 миллиард теңгеден асады деп болжанып отыр. Болашақта ақылы жолдардан түскен қаржы жолдарды күтіп-ұстауға, техника сатып алуға және алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге жұмсалмақ, – деді ол.