Сахна, субұрқақ, серуенжол: Алакөл жағалауында жаңа қоғамдық кеңістік салынады

Qaz365.kz редакциясы

Барлық жұмыстар суға түсу маусымы ашылғанға дейін аяқталуы керек

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли әлеуметтік желідегі жеке парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мақаншы ауданына жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Алакөл көлінің жағалауында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты.

«Осыдан екі ай бұрын Алакөлге арнайы келіп, қажеттіліктерді біліп, барлық мәселелермен танысқан болатынмын. Халық көп келетін туристік аймақта 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 миллион теңге қаржы бөлдік. Қазір абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – демалушыларға жайлы жағдай жасау. Суға түсу маусымы ашылғанға дейін барлық жұмысты сапалы аяқтауымыз керек», - деді облыс әкімі.

Бұған дейін тұрғындар тарапынан жағалаудағы Арбаттың жағдайына байланысты сын көп айтылған еді. Қазіргі уақытта Арбат жаңартылып, бояу, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жағалаудағы ескірген темір жақтаулар толық ауыстырылуда. 

Аймақ басшысының айтуынша, облыс әкімдігінен бөлінген қаражатқа туристік аймақта ауқымды жұмыс жүргізіледі.

«Жағалаудағы 5 шақырымға жуық жолға асфальт төселеді, 10 модульді, 15 биодәретхана, 40-тан астам киім ауыстыратын кабиналар қойылады, қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының саны артады. Жағалауды нығайту үшін пирс және қалқыма орнатылады. Ерекше атап өтерлігі, туристер көп келетін Арбаттың жүктемесін азайту үшін жаңа қоғамдық кеңістік салынады. Мұнда 100 адамға арналған сауда-саттық орындары қарастырылады, үлкен сахна, субұрқақ салынады, тұрғындар серуендейтін арнайы алаң болады. Қазіргі уақытта жерді тегістеу, керамикалық тақтайшаларды төсеу және қоршау орнату жұмыстары басталған. Қоғамдық кеңістік құрылысы 1 шілдеге дейін аяқталады”, – деді Берік Уәли.

Сондай-ақ жазғы демалыс маусымында Алакөл жағалауында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 40 полиция қызметкері жұмылдырылады. Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілікке тартылып, өрт сөндіру көліктері жұмыс істейді.