Іс-шараның басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу және экологиялық мәдениетті дамыту
Бүгін Ұлытау облысының «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 2025 жылғы еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу және экологиялық мәдениетті дамыту.
Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев пен Жезқазған қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұрым Ысқақов маусымның ашылуымен құттықтап, жастарға сәттілік тіледі.
«Биылғы еңбек маусымында облыс бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы 700-дей жас азамат жұмыспен қамтылмақ, оның ішінде: Жезқазған мен Сәтбаев қалалары 150, Қаражал қаласы 165, Ұлытау ауданы 90, Жаңаарқа ауданы 70 азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Жастар көгалдандыру, абаттандыру, сенбілік және экологиялық акциялар сынды қоғамдық жұмыстарға тартылып, жазғы демалысты пайдалы өткізеді деп сенемін» – деді Б. Жайлаубаев.
Атап өту керек, жастар біріңғай 700 дана фирмалық экипировкамен қамтылды. Салтанатты жиын патриоттық әнмен аяқталып, қатысушылар естелік суретке түсті.