Әр аудан бойынша өтініш қалдыру мекенжайлары нақтыланған
Алматы қаласында Атаулы әлеуметтік көмек алушыларына теледидарға арналған приставкалар тегін орнатылады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі almaty.tv-ға сілтеме жасап.
2024 жылғы 10 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің №418-НҚ бұйрығына сәйкес, елімізде цифрлық эфирлік телерадио хабар таратуға көшу ережелері бекітілген.
Цифрлық теледидар жоғары сапалы бейне мен дыбыс ұсынумен қатар, көбірек арна мен бағдарламалар таңдауға мүмкіндік береді. Ескі аналогтық сигнал сыртқы факторларға өте тәуелді — мысалы, ауа райының бұзылуы немесе қатты жел кезінде сигнал мүлде жоғалуы мүмкін. Ал цифрлық хабар таратуда сигнал сапасы мен қорғанысы жоғары әрі алыс қашықтықта да қабылдана береді. Аналогтық хабар таратуда бір таратқыш тек бір арнаны көрсетсе, цифрлық технология арқылы бір таратқыш бірнеше арнаны бере алады.
2024 жылғы 17 қыркүйектегі №433-НҚ бұйрыққа сәйкес, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңы негізінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларды теледидарлық абоненттік приставкалармен қамтамасыз ету ережелері бекітілді. Бұл ережеге сай, АӘК алушыларға приставкалар тегін беріледі және орнатылады.
Приставка алу үшін
АӘК алушысы Алматы қаласы бойынша тіркелген тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтінішпен жүгінуі қажет.
Алматы қаласы аудандары бойынша мекенжайлар мен байланыс нөмірлері:
Алатау ауданы – Нұркент шағынауданы, 5/18, тел: 393-89-26
Алмалы ауданы – Сейфуллин көшесі, 577, тел: 261-02-81
Әуезов ауданы – 3-шағынаудан, 41В, тел: 277-48-83
Бостандық ауданы – Жандосов көшесі, 2, тел: 392-22-95
Жетісу ауданы – Серіков көшесі, 6а, тел: 227-05-36
Медеу ауданы – Төле би көшесі, 12, тел: 291-18-21
Наурызбай ауданы – Шұғыла шағынауданы, 347, тел: 385-71-48
Түрксіб ауданы – Рихард Зорге көшесі, 18А, тел: 338-30-60
Бұл бағдарлама – цифрлық хабар тарату сапасын арттыру және әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында жүзеге асырылуда.