Карина жыл сайын Бали, Лондонда шалқып өмір сүрді - Сәкен Мамаштың ағасы

Qaz365.kz редакциясы

Сот кулуарында айыпталушының туған ағасы Нұржан Мамаш журналистер сұрағына жауап берді. 

VK.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сәкен Мамаш қамауда.Қарауылшы жасақ қызметі оны сот залына алып келді, жүріп бара жатып Мамаш журналистермен амандасты. Жұбайы Карина Мамаш үлкен қара көзілдірікпен келді. 

Жәбірленуші тарап жеке мәліметтердің жария болуын қаламайтынын алға тартып, сотты жабық түрде өткізуді талап етуде. Ал Сәкен Мамаштың өзі ашық сот отырысын қолдайтынын айтты, дегенмен БАҚ өкілдерінен өзінің фотосын жарияламауды сұрады.

Сот кулуарында айыпталушының туған ағасы Нұржан Мамаш журналистер сұрағына жауап берді. 

Менің ойымша, Каринаның өмірін миллиондаған қыз армандайды. Бриллиант, шубаның түр-түрі бар, қаржыдан қиналған емес. Қайда барамыз, не ішеміз, не жейміз деген емес... Үкім қандай болатынын білмейміз, аққа Құдай жақ. Қазір біздің адвокат құжаттарды көрсетеді, - дейді Нұржан Мамаш.

Ол  бұл отбасылық жұптың өмірінде ешқандай зәбір көру жағдайы болмағанын алға таратады. Олар он бір жылдай бірге тұрды. Ұрып-соқты деген ешқандай шағым болған жоқ. Екеуі бақытты өмір сүргенін айтады.

Бір ұл, бір қызы бар. Төрт жыл Бельгияда елшілікте жұмыс істеді, бір жыл елде жүрді де, кейін тағы төрт жылға келісімшартпен Біріккен Араб Әмірліктеріне кетті. Ешқандай ұрып-соғу болған емес. Олар жыл сайын еңбек демалысына шыққан кезде Шымкентте бір күн, ауылдағы қара шаңырақта ары кетсе үш күн жатып, одан кейін жылына кем дегенде бір рет Бали, Кариб аралдары, Барселона, Лондон, Парижге демалысқа кететін. Ініміз кеш үйленгендіктен келінімізді жақсы қабылдадық. Келінімізді Омбыдан құда түсіп барып алып келгенбіз, - дейді ағасы.

Оның айтуынша, Сәкен Мамаш пен Карина алғаш танысқанда, қыздың анасы Каринаның орнына жазысып жүрген. Мақсаты – қызын жақсы жерге беру болған.

Телеграмда шешесінің, әжесінің, әпкелерінің барлығының сөздері бар. Кез келген әке-шеше қызының жақсы жерге, бақуатты жерге барғанын қалайды. Бәрі Карина 15 жаста болған кезде басталған. Екеуі mail.ru желісі арқылы сөйлесіп жүргенде қызының орнына шешесі сөйлескен. Жанар Сәкенмен Карина болып сөйлескен. Оны айтудан қорықпаймын, өйткені менде дәлелдер бар. Каринаның орнына Жанар сөйлескенін әпкесінің, апасының айтқаны бізде жазылып тұр. Барлығы сол ақшаға келіп тіреледі. Дипломаттың айлығы өте жақсы, - дейді Нұржан Мамаш.