Бас мүфтидің тойға бару себебін ҚМДБ түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділеттің үйлену тойына барғаны желіде қызу талқыланды. Осыдан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы желіде сынға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, діни басқарма мен бас мүфти елде болып жатқан, қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардан еш уақытта тыс қалмаған. «Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр» екен.

Имамдар онсыз да қайғының бел ортасында жүреді. Міндеті. Бірақ оны ешкімге міндетсімейді. Бес бүлдіршіннің қазасына бәріміздің ет жүрегіміз езілді. Қос аяғынан айырылған қыздың да тағдырына қатты алаңдадық. Діни басқарма бұл оқиғалардан тағы да тыс қалған жоқ. Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр. Өмір тек қайғыдан тұрмайды. Бас мүфтидің қаралы жиында ғана емес, қуанышты басқосуларда да төбе көрсетіп, бата беруі орынды іс, – деп жазды Facebook желісінде Ағабек Қонарбайұлы.

Айта кетейік, қоғам белсенділері мен журналистер Бас мүфтидің халықтық трагедиялар кезінде көзге түспейтінін атап өтуде. Алайда жұлдыздардың қуанышына уақыт тауып келетінін сынға алды.