«Мұқағали Мақатаев – сорлы еркек» деген блогер ақынның ұлына ақша беріп құтылды

Qaz365.kz редакциясы

Сот екі жақтың өзара келісімге келуіне байланысты істі тоқтатып, Теменовты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Өзін рилсмейкер ретінде таныстырып жүрген Әлішер Теменовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол былтыр мұзбалақ ақынды «Сорлы еркек» деп халықты бір шулатқан. Осыдан кейін , ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогер Әлішер Теменовті сотқа берген еді. Блогерге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 131-бабы 2-бөлігімен қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып әдепсіз түрде кемсітті деген іс қозғалған еді.

16 маусым күні өткен сот отырысында жәбірленуші Жұлдыз Мақатаев айыпталушыны кешіргенін айтып, судьядан қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Бұған дейін жәбірленуші 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді талап еткен. Теменов те өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады.

 Orda.kz порталының жазуынша, судья үкім шығаруға кеткенде Әлішер Теменов Жұлдыз Мақатаевтың қолына 2 миллион теңгені ұстатып, көліктің кілтін табыстаған. 

Біз өзара келістік. Сондықтан істі тоқтатуыңызды сұраймын. Қазір көлігімде 2 миллион теңге бар. Тағы 1 миллион теңгені он күннен кейін беремін. Әзірге көліктің кілтін қалдырамын. Қалған соманы берген соң көлікті қайтып аламын, – деді айыпталушы. 

Сот екі жақтың өзара келісімге келуіне байланысты істі тоқтатып, Теменовты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Азаматтық талаптың да күші жойылды. Десе де елден кетпеу туралы қолхат пен тиісті мінез-құлық туралы міндеттеме сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін өз күшінде қалады.

Блогер ақынға қатысты айтқан сөздері үшін бүкіл халықтан кешірім сұрап, видео жариялауға уәде берді.

2024 жылы 8 қазанда Әлішер Теменов әлеуметтік желіге Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізіп, бейәдеп сөзі бар видео жүктеген.