"Уақыт алып отырсыз": Жамбыл облысы әкімінің сөзін бөлген депутат мандатынан айырылды

Qaz365.kz редакциясы

2024 жылдың қорытындысы бойынша депутаттық қызметінің тиімділігі (KPI) жоғары бағаланған

Коллаж: Дамир Ташқараев/ Ербол Қарашөкеев

Ербол Қарашөкеевпен сөз таластан кейін Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дамир Ташқараев AMANAT партиясынан шығарылып, мандатынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ratel.kz-ке сілтеме жасап. 

Жиындардың бірінде депутат Дамир Ташқараев пен әкім Ербол Қарашүкеев арасында дау туған. Осылайша депутат тоғыз күн өткен соң партиядан, үш күннен кейін облыстық мәслихаттан шығарылған. Оның партиядан шығарылуын барлық әріптесі бірауыздан қолдаған. Олардың айтуынша, Ташқараев этикалық нормаларды мүлдем сақтамайтын көрінеді.

Қысқаша сөзталас қалай өтті?

19 наурызда өткен ресми жиындардың бірінде депутат Дамир Ташқараев пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арасында қысқа, бірақ шулы диалог орын алды:

Дамир Ташқараев: – Ербол Шырақпайұлы, көптің уақытын алмай, негізгі мәселелерді талқылайық.
Ербол Қарашөкеев: – Негізгісі... инвестиция бойынша келісімге енді ғана қол қойылды.
Д.Т.: – Бұл жақсы. Бірақ бұдан бөлек те мәселелер бар.
Е.Қ.: – Қай мәселемен келіспей тұрсыз?
Д.Т.: – Нақты, уақыт алып отырғаныңызбен келіспеймін!
Е.Қ.: – Жақсы. Құрметті депутаттар, кешірім сұраймын.

Осыдан кейін партия мен мәслихат басшылығы жыл бұрын болған этика бұзушылықтарын "бірден" анықтап, тәртіптік шара қолданған. Тоғыз күннен кейін Ташқараев партиядан, үш күннен кейін облыстық мәслихаттан шығарылды.

Дегенмен депутат мұнымен мүлде келіспейді. Ол үш адвокатқа жүгініп, Amanat партиясын сотқа берді.

Экс-депутаттың адвокаттары Дамир Ташқараевтың этикаға жат деп бағалауға болатын әрекетінің дәлелдерін талап еткенімен, айыпталушылар ұсынған жоқ. Адвокаттардың айтуынша, тағылған айыптар негізсіз болуы мүмкін.

38 жастағы Дамир Ташқараев 2023 жылдың наурызында AMANAT партиясының тізімімен Жамбыл облыстық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты болып сайланған еді. Бір қызығы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша депутаттық қызметінің тиімділігі (KPI) өзге әріптестеріне қарағанда жоғары бағаланған.

Қазіргі уақытта Ташқараев партия құрамына қайта кіру және депутаттық мандатын қайтару үшін сотқа жүгінді.

Көпшілік бұл жағдайды белсенді депутатқа жасалған қысым және пікір білдіру еркіндігіне шектеу ретінде бағалап отыр.