Маңғыстау әкімінен некесіз баласы барын айтқан әйел Президенттен шұғыл көмек сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Ол бұған дейін ұлының әкесі облыс басшысы екенін ашық жеткізген. 

Ашық дереккөзден

Маңғыстау облысының экс-депутаты Ынташ Наурызова облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың ізіне адам салып, қорқытып жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

Ол бұған дейін ұлының әкесі облыс басшысы екенін ашық жеткізген. 

Қазір 2022 жылы дүниеге келген ұлым бар. Ұлымның әкесі – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай. Жылдар бойы қиындық көріп, ешкімге айтпай жүрген едім. Себебі баламның әкесіне қатты сендім. Алайда қазір әкім мені қорқытып, түрлі әрекет жасап жатыр. Бір жылдай уақыт болды шыдап жүргеніме. Баламның тегі болсын, араласып тұр, уәдеңді орында дегенім үшін мені қорқытып, артымнан адамдар жібереді. Мені тыныштығымнан айырды, - дейді Ынташ Наурызова.

Ол бұл әрекетті қудалау және әкім тарапынан ұйымдастырылған қысым ретінде бағалап отыр. Экс-депутаттың осындай қадамға баруына осы ортақ бала мәселесі мен құпия арыз себеп болған. Қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны әзірге белгісіз. Аталған жағдайға қатысты.

Нұрдәулет Қилыбай бұған дейін, 2024 жылдың желтоқсан айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде жеке өміріне қатысты қауесеттерге ирониямен жауап берген болатын. Сол кезде Нұрдәулет Қилыбай бұл ақпаратты растаған жоқ, жоққа да шығармады.

Жылтырағанның бәрі алтын емес дейді ғой. Әлеуметтік желіде жазылғанның бәрі, сіздер айтып жатқан, менің атыма айтылған басқа да мәлімдемелер шындыққа жанаса бермейді. Әрине, мен барлығын қадағалап отырмаймын, бірақ баспасөз қызметіндегі әріптестерім көрсетеді. Жеке өзім мен жайлы жазылған кейбір нәрселермен келісемін, кейбірімен жартылай келісемін, кейбірімен үзілді-кесілді келіспеймін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысының полиция департаменті Orda.kz сауалына берген жауабында Ынташ Наурызоваға қатысты «жала жабу» бабы бойынша арыз түскенін растады. Бұл шағымды облыс әкімі аппаратының басшысы Мәлік Әбдіқадыров түсірген. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданған.