Сенат ниқаб киюге тыйым салу туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды

Nur-Altay Umirzak

Сенат құжаттағы кейбір нормалармен келіскен

Фото: ЖИ-мен жасалған

Қазақстан Парламентінің Сенаты қоғамдық орындарда ниқаб пен бет жауып тұратын киімді киюге шектеу қоятын заң жобасын Мәжіліске түзетулермен қайта қайтарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сенат құжаттағы кейбір нормалармен келіскен. Соның бірі — бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салу.

«Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңда қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салу нормасы енгізіледі. Бұл — медициналық мақсаттар, ауа райы жағдайы, қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау жағдайларын қоспағанда. Аталған шара қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттырады, өйткені ол бет-әлпетті тану мүмкіндігін жақсартады», – деді сенатор Наурызбай Байқадамов Сенаттың жалпы отырысында.

Бұл нені білдіреді

Заң жобасы әлі қабылданған жоқ және Мәжіліске қайта қарауға жолданды.

Мәжіліс даулы нормаларды қайта қарап, ерекшеліктерді нақтылап, қандай жағдайларда бетті жабуға рұқсат берілетінін (мысалы, медициналық, климаттық немесе діни мақсатта) нақты көрсетуі тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет ұлттық болмысты нығайту үшін дәстүрлі қазақ киімін насихаттаудың маңыздылығын атап өткен. Оның айтуынша, паранжа мен ниқаб дәстүрлі ұлттық киімге жатпайды.