Ол отставкаға өтініш берген.
Көкшетау қаласы әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Айым Тұрапекова қызметке келгеніне бір ай да толмай жатып, отставкаға өтініш берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қала әкімдігі оның өз еркімен жұмыстан кеткенін ресми түрде растады. Осылайша, әкім аппаратының баспасөз қызметіндегі кеңесші лауазымы қайтадан бос қалды.
Айта кетейік, 26 жастағы Айым Тұрапекова маусым айының басында ғана бұл лауазымға тағайындалған болатын. Алайда жаңа кеңесшінің өмірбаяны әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.
Көпшілік Айым Тұрапекованың 2015 жылы, яғни 16 жасында премьер-министр кеңсесінде тәжірибеден өтті деген мәліметке ерекше назар аударды. Бұл дерекке кейін өзгеріс енгізіліп, алдымен 2019 жыл деп түзетілді, ал кейін тіпті толығымен жойылды.
Сондай даулы мәліметтерге қарамастан, Тұрапекова мемлекеттік органдарда іс-тәжірибеден өткенін растап, бұл ақпараттың шындыққа сәйкес екенін айтты.