Басымдық балалы әйелдерге, қарттарға, кәмелетке толмағандарға және осал топ санатындағыларға беріледі
Президент рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақстанда 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның 2 мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады.
«Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі. Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Басымдық балалы әйелдерге, қарттарға, кәмелетке толмағандарға және осал топ санатындағыларға беріледі.
Президенттің айтуынша, мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, қайта оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдемдеседі. Әділетті елдің соты ең алдымен әділ әрі ниеті түзу болуға тиіс. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы рақымшылық жасаудың барлық мәселені шешпейтінін, бұл – бір реттік қана шара екенін атап өтті.