Қыста – қара қар, жазда – көмір қара ағаштар: Қарағандыда ауыл тұрғындары көмір шаңына тұншығып жатыр

Nur-Altay Umirzak

Көп зардап әкелген  кәсіпорынға бар болғаны 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынған

Сурет: Бейнеден кадр/Информбюро 31

Қарағанды облысындағы Қарабас ауылының тұрғындары көмір шаңынан тұншығып жатыр. Тұрғын үйлердің дәл артында көмір қоймасы орналасқан. Жоғары қоршаулар да көмір тозаңынан құтқара алмайды, деп хабарлайды  Qaz365.kz тілшісі  31 арнаға сілтеме жасап.

Қыста – қара қар, жазда – көмірге боялған ағаштар. Қарабас тұрғындары бірнеше жылдан бері ауылды басып қалатын шаңға байланысты әкімдік пен экология департаментіне шағымданып келеді.

Тұрғын үйлердің дәл жанында орналасқан көмір қоймасында көмірді тиеу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Халық экология департаментіне бірнеше рет шағымданған. Нәтижесінде кәсіпорынға бар болғаны 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Басшылық жоғары қоршау орнатып, қойманы басқа жерге көшіреміз деп уәде берген. Компенсация ретінде ауыл тұрғындарына көмір бөліп, жертөлелерін жөндеуге көмектескен. Алайда қоймадағы жұмыс көлемі артқан, ал қоршау көмектесе алмай отыр.

Тұрғындардың айтуынша, экологтар келгенде қойма басшылығы бұл туралы алдын ала хабар алып, жұмыстарды уақытша тоқтатып қояды. Соның салдарынан заң бұзушылықтарды тіркей алмай жатады. Ауыл әкімі тұрғындардың шағымы орынды екенін мойындады.

«Сөйлестік, әлі де сөйлесіп жатырмыз. Мен өз тұрғындарымды қорғауым керек. Белгілі бір тәртіп бар, заң бар. Мүмкін, сол тәртіптерді қайта қарау керек шығар», – деді Қарабас ауылының әкімі Мақсат Тәттімбетов.

Көмір қоймасының басшылығы да пікір білдіруге келіскен.

«Жаңа тұйық салу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін көшеміз деп ойлаймын. Қызметті тоқтатамыз. Біз әкімдікпен тығыз жұмыс істейміз. Техникалық жағынан да көмектесіп келеміз», – деді "KIG Kaz Invest Group" ЖШС директоры Ерлан Акимбаев.

Компания уәдесін орындаса, Қарабас тұрғындары көмір шаңынан құтылуы мүмкін.