Алматыдағы Горельник шатқалында туристерге арналған жаңа жаяу жүргіншілер көпірі ашылады

Nur-Altay Umirzak

Нысан жоспар бойынша биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі

Туризм мен экотуризмді тұрақты дамыту бағдарламасы аясында Алматының таулы бөктеріндегі табиғаты әсем Горельник шатқалында салынып жатқан заманауи Arman-köpir деп аталатын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Нысан жоспар бойынша биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Ұзындығы 77 метр болатын көпір шатқалдың екі жағын қосып, болашақта ашылатын оқушыларға арналған «Мың бала» спорт клубына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Көпірдің құрылысы жер бедерінің күрделілігін ескере отырып жасалған, оның беріктігі мен сенімділігі жоғары, халықаралық қауіпсіздік және пайдалану стандарттарына сай келеді. Жоба жекеменшік компания бастамасымен, Еуропаның таулы және қорғалатын аймақтарында аспалы көпір салуда көпжылдық тәжірибесі бар Швейцарияның Swissrope Ltd компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып отыр.

Көпірге жақын маңда 912 м² аумақты қамтитын көпфункционалды спорт залы мен балаларға, спорттық топтарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысушыларға арналған жайлы 12 модульді капсула пайда болады. Жаңа кешен жыл бойы белсенді демалыс, спорттық жаттығулар мен табиғат аясындағы білім беру бағдарламалары үшін алаңға айналады.

Еске сала кетейік, биыл көктемде Горельник аумағында визит орталыққа апаратын «Жұмбақ жол» жаяу жүргіншілер жолы ашылған еді. Ұзындығы 285 метр болатын соқпақ жол арқылы демалыс аймақтарына баруға болады, түнгі жарық және ақпараттық стендтер бар. Жоба экотуризмді дамытуға және Медеу мен Шымбұлақ сияқты танымал бағыттарға түсетін рекреациялық жүктемені азайтуға бағытталған.

Бұл бастамаларды жүзеге асыру жайлы әрі қауіпсіз туристік орта құруға, белсенді және танымдық демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ табиғи мұраны сақтауға ықпал етеді.