Мобильді аударымдар үш талап сақталмаса ғана бақылауға алынады

Nur-Altay Umirzak

 Мобильді аударымдардың сомасына қатысты талап екі айдан кейін енгізіледі

Фото: myfin.by

 Мобильді аударымдардың сомасына қатысты талап екі айдан кейін қыркүйек айында күшіне енеді. Бүгін Мәжіліс депутаттары салық салу мәселелеріне қатысты заңды президентке жіберген, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды тексеру тәртібін түсіндіріп берді.

“Қазір мобильді аударымдарды тексеру бойынша ақпарат алып отырмыз. Бұған дейін басқа шарттар қолданылған. Енді үшінші шартты енгізетін бұйрық та дайын. Ол бүгін қабылданған (салық салуға қатысты) заң жобасынан кейін күшіне енуі керек еді. Заң қабылданды, енді 60 күн ішінде күшіне енеді. Соған сәйкес, біз нормативтік құжатты қабылдап, жұмысқа кірісеміз. Жаңа тәртіп қыркүйектен бастап іске қосылады”, –  дейді Ержан Біржанов.

Тілшілер «Туыстар арасындағы мобильді аударымдар тексеріле ме?» деп сұрады.

“Егер де анасы баласына, әкесіне, ағасына ақша жіберетін болса, ешқандай мәселе жоқ. Ақша көлемі 1-2 млн теңге болса да, сұрақтар туындамайды. Ал егер әртүрлі 100 жеке тұлға үш ай қатарынан бір адамға ақша аударатын болса және сома 1 млн теңгеден асатын болса, онда тексеруге ілігеді”, – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында. 

Адамдардың аударымдары мына үш талап сақталмаса ғана бақылауға алынады:

▪️жүз түрлі адамнан ақша түссе;
▪️жүз адам бір адамға үш ай қатарынан ақша аударса;
▪️аударылған ақша сомасы 1 млн 20 мың теңгеден асса.

Тексеріс жүргізілуі үшін осы үш критерий де қатар келуі тиіс.