Жазғы шомылу маусымы: Алматы облысында жағажайлардың санитариялық жағдайы бақылауда

Nur-Altay Umirzak

Алматы облысында 130 демалыс орны бақылауға алынған

Сурет: zerencamp.kz

Алматы облысында жазғы шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарының қауіпсіздігі мен жағажайлардың санитариялық жағдайы ерекше бақылауға алынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Исмаилов Марат мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемдегі аурулардың 80% сапасыз сумен байланысты. Сондықтан су объектілерінің санитариялық жағдайы – халық денсаулығы үшін аса маңызды мәселе.

Алматы облысында 130 демалыс орны бақылауға алынған. Оның ішінде 90 Қонаев қаласында, Еңбекшіқазақ, Балқаш және Іле аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, 33 қала сыртындағы оқушылар лагері де санитариялық тексеруден өтуде.

Департамент жыл сайын маусым басталар алдында су мен жағажай құмын зертханалық тексеруден өткізеді. Биылғы маусымға дайындық аясында 147 су 51 топырақ сынамасы алынған.

Шомылуға арналған су айдындарын пайдаланатын кәсіпкерлер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық ережелеріне сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Жағажай аумағында көлеңке түсіретін шатырлар, шезлонгтар, кабиналар, тазалыққа арналған құралдар орнатылып, күн сайын дезинфекция мен тазалау жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Исмаилов Марат жағажайды таңдау кезінде бірнеше қарапайым ережені сақтауға шақырды. Атап айтқанда, демалыс орны лас ағынды сулардан, мал жайылымынан және өндіріс орындарынан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Балалардың шомылуына тек ауа температурасы +23°C және су температурасы +20°C болғанда ғана рұқсат беріледі.

Біздің мақсатымыз – халықтың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету. Сондықтан әрбір демалыс орнының санитариялық жағдайы қатаң бақылауда болады, — деп қорытындылады сөзін Исмаилов Марат.