«Әйелдерді тез жүкті қылады»: «сиқырлы соска» сатқан блогер көпшіліктің назарын аудартты

Qaz365.kz редакциясы

Блогер өзін медициналық білімі бар дәрігер ретінде таныстырған. 

Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде ерекше тұмар ретінде ұсынылған еміздік жарнамасы кең таралуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Желі қолданушылары арасында жүкті болуға үмітті әйелдерге арнап сатылып жатқан бұл «тұмар-еміздік» жайлы жарнама көпшіліктің назарын аударған.

Оны жарнамалап отырған блогер өзін жеті жылдық медициналық білімі бар дәрігер ретінде таныстырып, осы ерекше заттың арқасында көптеген әйелдің ана атанғанын айтады. Ғылыми емес, мистикалық жолмен әсер етеді деген сеніммен сатылып жатқан бұл еміздікті ол былай сипаттайды:

Бұл жай ғана зат емес. Бұл — ішкі сенімді оятатын психологиялық тірек. Оған қарап, қолыңа ұстап, қасыңда ұстаған сайын санаңда: «Мен дайынмын. Менің тәнім дайын. Менің сәбиім маған келе жатыр» деген бағдарлама іске қосылады.

Соңғы бес жылда маған ондаған әйел екі жолақ шыққан жүктілік тестінің жанына осы еміздікті қойып, фото жіберді.

Кейін олар маған сәбилері туған сәттегі суретті де жолдады, - дейді ол.

Мамандар бұл әдістің ешбір ғылыми дәлелі жоқ екенін, мұндай мистикалық жарнамалардың жалған үміт сыйлап, әйелдердің психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.