Алакөлде демалушылар көбейді: Полиция құқық бұзушыларды дронмен анықтап жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Құқық бұзған 194 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Фото: Qaz365.kz

Жазғы туристік маусымның қызу басталуымен Алакөл жағалауына келушілер саны күрт артып, қауіпсіздік мәселесін өзекті етіп отыр. Алакөл аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, құқық бұзғандар дрон арқылы да анықталып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция дерегінше, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында түнгі рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылып, көл маңындағы автожолдарда арнайы бақылау бекеттері қойылған. Сонымен қатар демалыс аймақтарына жақын жерлерде патрульдік топтар үздіксіз кезекшілік атқаруда.

“5 маусымнан бері Алакөл жағалауында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда Жетісу облысы Полиция департаменті мен Алакөл аудандық ішкі істер бөлімінен барлығы 30 қызметкер жұмылдырылды. Күндізгі және түнгі уақыттарда 5-тен астам патрульдік экипаж кезекшілік етеді. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қолға алынған жүйелі жұмыс,” – дейді Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов.

Полиция мәліметінше, биылғы жылдың өзінде жол қозғалысы ережелерін бұзған 194 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар қоғамдық орында ішімдік ішкен және табиғи аймақтарды ластаған 28 тұлғаға айыппұл салынған.

“Мысалы, жағалау маңындағы безендіру элементтерін бүлдіргендер мен қоқыс тастағандарға 20 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Тәртіп бұзғандар дрон арқылы да анықталып жатыр,” – деді Байкенов.

Алакөл аудандық полиция бөлімінің ақпаратына сәйкес, мұндай фактілер бойынша жүргізушілер дереу ұсталып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Сонымен қатар сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылады.