Ең көп туристер баратын өңір: Алакөл ауданына миллиардтаған инвестиция тартылды

Qaz365.kz редакциясы

Салық базасы екі есеге жуық өскен

Фото әлеуметтік желіден

Алакөл ауданы соңғы үш жылда экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Алмас Әбдинов БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алакөл жағалауында ұйымдастырылған ашық форматтағы кездесуде әкім ауданның даму көрсеткіштеріне егжей-тегжейлі тоқталып, алдағы жоспарларын бөлісті.

Салық базасы екі есеге жуық өскен

Алмас Абдиновтың айтуынша, 2021 жылдан бері ауданның салық базасы елеулі түрде кеңейіп, 8,5 млрд теңгеден 14,3 млрд теңгеге дейін артқан.

«Бүгінде Алакөл ауданының экономикасында серпінді даму байқалады. Бұл алдымен салық түсімдерінің айтарлықтай өсуінен көрініп отыр. Өнеркәсіп саласында соңғы үш жылда 23,7 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 91 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 34 млрд 340млн теңгеге жетті. 2025 жылдың өзінде 78 млн теңгеге екі жоба іске қосылып, қосымша 10 жұмыс орындарының жоспарын құрамыз”- деді әкім. 

Инвестициялық серпін: 305 млрд теңге тартылған

Әкімнің айтуынша, экономиканың негізгі драйвері саналатын инвестиция тарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 2021-2024 жылдар аралығында ауданға тартылған инвестиция көлемі 305 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде 50 млрд теңгесі — жеке қаржы көздері есебінен іске асырылып жатқан бес ірі жобаның үлесінде. 432 жұмыс орны ашылған.

«Аудандағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Достық–Мойынты бағытындағы теміржол желісі. Бұл желі аудан аумағында 134 шақырымды қамтиды. Жоба аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ», — деді әкім.

“Достық” – логистикалық хабқа айналмақ

Қазақстанның шығыс қақпасында орналасқан Достық ауылында EuroTransit Group компаниясының бастамасымен бес кезеңнен тұратын ірі логистикалық жоба қолға алынған. Екі кезеңі аяқталған жобаның үшінші және төртінші кезеңдері 2026 жылдан басталады.

«Бұл жоба тек жұмыс орындарын ашып қоймай, ауданның салық базасы мен инвестициялық тартымдылығын арттырады», — деді  Абдинов.

Тұрғын үй құрылысы: 329 пәтер тапсырылып, тағы 100 үй салынып жатыр

Алмас Абдиновтың сөзінше, аудан бойынша соңғы үш жылда 79 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 249 млрд теңгені құрап отыр. 2025 жылдың алғашқы бес айында 8,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс көлемі 32 млрд теңгеге жеткен.

Айтуынша, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. 

“2022-2024 жылдары 329 пәтердің кілті табысталып, биылдың өзінде 1,76 млрд теңгеге 100 үйдің құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ, аудандағы өзекті мәселелердің бірі — сумен қамту. Бүгінде Алакөл ауданында халықтың 92,8%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. 2025 жылға қарай тағы үш елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта сол бағытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр”, - деді аудан әкімі Алмас Абдинов.

Жол мәселесі

56 елдімекен жартылай сумен қамтылған, келесі жылы толық сумен қамтамасыз етіледі. Осыдан үш жыл бұрын Алакөлге Талдықорғаннан бері жетудің өзі қиын болатын. Қазір мемлекет тарапынан берілген қаражат есебінен 3-4  жылдың ішінде Талдықорған-Үшарал бағытындағы жолдар толық аяқталған. Сонымен қатар Достық-Үшарал жолы толық аяқталып, қазір қолданысқа берілген. Қазір айта кетерлік жағдай ең туристік потенциалды туристердің көп артуына осы жолдың үлкен әсері бар. Өйткені Ақшиге келу демалыс аймақтарына келу осы жолмен қамтамасыз етіліп жатыр. Жалпы аудан аумағында  1448 шақырым жолды құрайды. 

— Соңғы үш жылда 44 шақырым автокөлік жолдарын жасадық. Биыл 10 елдімекеннің 24 көшесін жасап жатырмыз. Биылғы соңғы маслихатпен 2 ауылдың 4 көшесін жасауға алдық. Сондықтан биылғы жылғы 10 елді мекеннің көшелерін толық аяқтайтын болсақ, басқаларын кезең-кезеңімен іске асырамыз. Жолдар сапасы 65%-67% дейін жететін болады, - дейді әкім.

Жұмыс орындары қаншалықты ашылып жатыр

Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов әлеуметтік салаға жеке тоқталды. Сөзінше, үш жылда 10 мың 72 жұмыс орны ашылған. Жұмыссыздық деңгейі 4.7%-дан 4% түскен. Ауданда 45 мектепте 13 мыңнан астам бала оқиды. 17 балабақша және 30 кіші орталықтарында 2500 бала тәрбиеленеді. Қазір мектеп жасына дейін тәрбиелеумен қамту деңгейі 97% құрайды. Үш ауысымды мектептер және апатты мектептер жоқ. “Жайлы мектеп” ұлттық бағдарламасы аясында Достық ауылында 600 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл тамыз айында бітіріп, 1 қыркүйекте балаларды мектепке кіргізеді. 

— Ашылу салтанатына өздеріңіз куә болатын шығарсыздар. Ауданда 38 денсаулық сақтау мекемесі бар. Онда 135 дәрігер, 535 орта бауынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәрі-дәрмекпен 100% қамтамасыз етілген. Ең қуанышты жағдай - бүгінгі күнге біз аудан бойынша биылғы жылдың өзінде 14 денсаулық сақтау мекемесі құрылысы жүргізіліп жатыр.  Біз биылғы жылы бітірсек, денсаулық сақтау ғимараттары бізде 100% болмақ. Күрделі жөндеуден өткізетін енді бір ғимарат бар, қалғандары денсаулық сақтау мекемелері арқылы заманауи ғимараттармен қамтамасыз етілетін болады. Біздің денсаулық саласындағы ғимарат мәселесі түбегейлі шешіледі. Қазір ауданда 17 мәдениет үйі халыққа қызмет атқарады. Бүгінде ауданда үш мәдениет үйі салынып жатыр, - дейді әкім.

Алакөл және туризм

Сонымен қатар Алмас Әбдинов ауданда спорттық инфоқұрылымдар дамып жатқанын атап өтті. Лепсі және Қабанбай ауылдарында спорттық кешені салынуда. Туризм саласы - бұл ауданның ең үлкен басымдығы. Қазіргі таңда жаз айларындағы және сонымен қатар қыс айларына да көңіл бөлініп келе жатқан туризм саласы. Статмәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы жылда туристердің саны 4 млн 773 мыңға жеткен. 29 млрд теңгенің қызметі көрсетілген.

— Жалпы біздің жағажай бекітілген бас жоспарға сәйкес Ақши ауылында 10 км құрайды. Ал Көктім ауылында 3 км жағажайымыз бар. Биылғы жылдың өзінде туристік маусымға кірген кезде 51 жұмыс орны, 17 жаңа нысан ашылды. Сонымен қатар ең ірі 3 туристік нысанға құрылыс жүргізілуде. Ең бастысы, туристік салаға қазір облыс басшылығының тарапынан, Үкімет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Жалпы демалушыларға барлық жағдай жасау үшін, тазалығын сақтай отырып, коммуналдық жағажайды сақтау үшін барлық жағдайды жасадық. Бір-екі мәселе бар. Бүгінгі күнде Ақши ауылында осы күнге дейін электр энергиясының тапшылығы көп жерде айтылды. Соны ескере отырып, былтырғы жылдан бастап үлкен жұмыстар атқарылып, Бескөл ауылынан 110 мың Киловаттық (кВт) подстанция салынды. Қазір жағажай ішіндегі электр бағаналарына түгел электр желілері тартылды. Сондықтан жеке дара апаттық жағдайлар  болмаса, Ақшидегі бизнес өкілдері электр тапшылығын көрмеуі тиіс, - деп түйді әкім.