ҚМДБ никабқа тыйым салынуына байланысты мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Әйелдерге бет-әлпетті жабу міндет емес

Фото Depositphotos.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толық жабатын киім киюге тыйым салатын заңға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Діни басқарма бұл шешімді діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туған шара деп түсіндірді.

Сол өзгерістердің бірі – қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жабатын киімді (соның ішінде никаб) киюге тыйым салу. Бұл шешім ешқандай діни сенімге немесе жеке таңдау еркіндігіне қарсы бағытталмаған. Ең алдымен, бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шара, – делінген ҚМДБ-ның бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде.

ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, соның ішінде мұсылман мемлекеттері де, қауіпсіздік мақсатында осындай шектеулер енгізіп отыр.

Әйелдерге бет-әлпетті жабу міндет емес

Діни басқарма Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, әйелдерге бет-әлпетін толық жабу міндеттелмегенін еске салды. Бұл талап қазақ халқының дәстүрінде де кездеспейді.

Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни қауымдастығы ретінде қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп санаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынуды және ел ішіндегі бейбітшілікті сақтауды насихаттайды. Сондықтан заңға түсіністікпен қарап, ел бірлігін нығайту жолында ортақ жауапкершілік танытайық, – деп үн қатты ҚМДБ.

Айта кетейік, бет-әлпетті толық жабатын киімді қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын заңға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 маусымда қол қойды.