Атырау қаласында еріктілер мен экобелсенділердің бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шараға 5000-ға жуық қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып, сенбіліктің маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі сенбілік – табиғатты қорғауға, қаланы көркейтуге, ұрпаққа таза орта қалдыруға бағытталған маңызды шара. Мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоғамның ортақ жауапкершілігін нығайтады, – деді Дарын Шамұратов.
Сенбілік қаланы абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өтті. Оған облыс және қала әкімдігінің қызметкерлері, ірі кәсіпорындардың ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, еріктілер мен қала тұрғындары белсене қатысты.
Қатысушылар Жайық өзенінің оң және сол жағалауындағы 14 учаскені тазалап, қоқыс жинау жұмыстарын жүргізді. Сенбілік таңғы сағат 8:00-де Сұлтан Бейбарыс алаңында басталды. Жиналғандар арнайы бөлінген автобустармен қажетті аумақтарға жеткізілді. Бұл мақсатта 20-дан астам автобус бағытқа шығарылды.
Жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы орындарға тасымалданып, сол жерден жүк көліктерімен қала сыртындағы полигонға жеткізілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 57 мыңнан астам адамның қатысуымен 95 сенбілік ұйымдастырылып, 714 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 2274 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 37 877 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Сонымен қатар экологиялық шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауын қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған @TazaQazBot телеграм чат-ботына осы жылы 184 өтінім түсіп, соның 179-ы орындалды. Екі өтініш бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ал үшеуі кері қайтарылды.