Астанада Перизат Қайрат пен анасына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды

Qaz365.kz редакциясы

Ол қомақты қаражатты жымқырды деп айыпталып жатыр. 

instagram.com/01pk

Бүгін, 9 шілде күні, Астана қаласында қайырымдылық мақсатындағы миллиардтаған қаражатты жымқыру дерегі бойынша күдікке іліккен Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істің алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оларға қайырымдылыққа арналған 3 миллиард теңгеден астам қаржыны иемденді деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қаражаттың бір бөлігі су тасқынынан зардап шеккендер мен Палестина халқына көмек ретінде жиналған.

24.kz ақпаратына сүйенсек, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуына қарсылық білдіріп, фото және видео түсірілім жүргізуге тыйым салуды талап еткен.

2024 жылдың қарашасында қоғам белсендісі және қайырымдылық қорының жетекшісі ретінде танылған Перизат Қайраттың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегі бойынша, оның атына тіркелген қымбат пәтерлер, люкс автокөліктер, зергерлік бұйымдар мен брендті аксессуарларға тыйым салынған.

2025 жылдың қаңтарында аталған іске қатысты қосымша тергеу басталды. ҚМА мәліметінше, Перизат Қайрат мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы үшін қаржы жинап, алаяқтық жасаған. Сонымен қатар тергеу барысында:

Өзін кәсіпкер ретінде көрсетуге тырысқаны;

Жымқырылған қаражатты заңдастыру әрекеттері болғаны;

Тергеу органдарымен байланысқа шықпай, жауап беруден бас тартқаны анықталған.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда.