ІІМ өкілдері азаматтарға жалған қызмет түрлеріне қатысты ескерту жасады.
Қазақстан азаматтарына шетелге шығу үшін арнайы халықаралық жүргізуші куәлігі (ХЖК) алудың қажеті жоқ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп жазады Qaz365.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанда жеке халықаралық жүргізуші куәлігі берілмейді. Қазақстандық ұлттық жүргізуші куәлігі – 1994 жылдан бері Қазақстан қосылған Жол қозғалысы туралы Вена конвенциясына қол қойған 180-нен астам елде жарамды болып есептеледі.
Сонымен қатар ІІМ өкілдері азаматтарға жалған қызмет түрлеріне қатысты ескерту жасады.
Қазір кейбір жеке ұйымдар мен туристік агенттіктер халықаралық куәлік рәсімдеуді ұсынып жатыр, алайда ешбір жеке компанияның немесе сайттың халықаралық жүргізуші куәлігін беруге құқы жоқ. Мұндай құжаттар заңды күшке ие емес, – деп ескертті ІІМ.
Халықаралық жүргізуші куәлігі тек ерекше жағдайларда ғана сұралуы мүмкін:
көлік жалдағанда,
шекарадан жеке автокөлікпен өткенде,
шетелдік сақтандыру рәсімдегенде,
жол полициясы құжаттарды тексерген кезде.
Алайда бұл жағдайлардың өзінде, егер ел Вена конвенциясына мүше болса, Қазақстанда берілген халықаралық стандарттағы ұлттық жүргізуші куәлігі жарамды болып табылады.