Шамамен 200 адам қаржы пирамидасының құрбанына айналған.
Шымкент қаласында жалған инвестициялық жоба арқылы жүздеген адамды алдап, миллиардтаған қаржы жинаған қаржы пирамидасының жолы кесілді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Шымкент қаласы бойынша департаменті хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Ведомство мәліметінше, күдіктілер азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, оларды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларына инвестиция салуға шақырған. «Ұйымдастырушылар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы мол және жылдам табыс табуға уәде берген», – делінген ҚМА таратқан ақпаратта.
Алаяқтар салымшыларға әр 15 күн сайын 50 пайыз табыс түсетінін айтып, бастапқыда 500 мың теңгеден басталатын инвестиция салуды ұсынған. Шын мәнінде, ешқандай бағалы қағаз сатып алынбаған.
Төлемдер тек жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған, – дейді агенттік.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 адам қаржы пирамидасының құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Тергеу барысында күдіктілердің заңсыз жолмен тапқан табысына Түркістан облысынан қымбат жылжымайтын мүлік сатып алғаны анықталды. Олардың қатарында Tank 500 және BMW X5 маркалы көліктері, жеке үй және мейрамхана ғимараты бар. Жалпы құны 438 миллион теңгеден асатын бұл мүліктер «тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген».
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынып, күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.