Түркістанда көпбалалы аналар марапатталды

Qaz365.kz редакциясы

Шаһарда 15 739 көпбалалы ана бар

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан қаласында көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шара барысында аналардың отбасындағы, қоғамдағы рөліне ерекше тоқталған қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Байдулла Оразбеков анаға деген шексіз алғыс пен құрметтің бұл рәсім арқылы көрініс тапқанын атап өтті.

– Бүгін біз ел болашағын тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан асыл аналарымыздың еңбегін лайықты бағалап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес “Алтын” және “Күміс” алқалармен марапаттау мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл – тек марапаттау шарасы ғана емес, сіздерге деген шынайы алғысымыздың, зор құрметіміздің белгісі. Ананың мейірімі мен төзімі – ұлттың баға жетпес байлығы, – деді Байдулла Оразбеков.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында көпбалалы аналардың жалпы саны 15 739 адамды құрайды. Олардың ішінде 1 098 ана – «Алтын алқа», 2 366 ана – «Күміс алқа» иегері атанса, 71 анаға «Батыр ана» атағы берілген. Сонымен қатар, 95 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар аналардың саны 12 109 адамға жетіп отыр. Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен аналардың қоғамдық рөлін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.