Іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Алматы қаласында халық тұтынатын тауарларды Қытайдан Қазақстанға контрабандалық жолмен әкеліп, аса ірі көлемде жалған шот-фактуралар жасаған топқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Тергеу барысында «Group of the Companies TDA» ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз кіргізгені анықталды. Компанияның бақылауындағы 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар жазылған.
Мемлекетке келтірілген залал - қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер есебінен 10 млрд теңгеге жуықтаған. Тергеу барысында 643 млн теңге өндіріліп, бюджетке қайтарылды. Сот санкциясымен жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын тауарлар мен 300 млн теңге сомасындағы мүлікке - жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, шатырлар және басқа да жылжымалы мүліктерге шектеу қойылды, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар бұл компаниямен байланысты болған 47 серіктес кәсіпорын өзара есеп айырысуды тоқтатып, өз еркімен 240 млн теңге салық төлеген.
Алмалы аудандық сотының үкімімен, кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.