Халықтық қалпымызды, ұлттық ерекшелігімізді танытатын әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз – ұлтымыздың үлкен құндылықтарының бірі. Дәстүрді жоғалтпаудың арқасында ұлт болып сақталып келеміз. Сондықтан да ғасырлар тезінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен асыл қазыналызды жас ұрпақтың бойына дарытып, санасына сіңіру, сөйтіп келесі буынға жеткізу – үздіксіз жүре беретін үдеріс. Дегенмен кейінгі жылдары жаһандану мен шетелдік мәдениеттің ықпалымен өз ұлтының әдет-ғұрпынан жерініп, оны ескінің қалдығы көретін топтар да пайда болғаны байқалады. Бұл олқылықтың себебі неде, бұлай кете берсе ұлт болашағы не болады деген ой көзіқарақты көпшілікті алаңдатады. Осы тақырып жөнінде этнограф, ұлт жанашыры, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Шәкеннің айтары көп деп Qaz365.kz тілшісі сұхбаттасқан болатын.
– Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазықтың бірі – салт-дәстүрі. Бірақ соңғы кезде қоғамда халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін бұрмалау көріністері пайда болды. Бұл ең алдымен отбасы тәрбиесінен кеткен кемшілік және өзгелерге жөн-жосықсыз еліктеп-солықтаудың салдары екені белгілі. Тұрар Сәттарқызы, сіз жастар арасында жиі боласыз. Көп жылдан бері балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі ұйымдарды талмай аралап, әдет-ғұрпымызды насихаттап жүрсіз. Жастарымыз ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты меңгерген? Біз әдет-ғұрып атадан балаға берілетін ұрпақтар сабақтастығын назардан тыс қалдырған жоқпыз ба?
– Шетелге еліктеу өзіңді тұтастай ұмытып, ұлтыңнан бас тарту дегенді білдірмейді, Шетелдің тілін үйрен, жақсы жағын ал, бірақ өз болмысыңды сақтап қал. Расымен де интернет дамығалы бері түрлі әлеуметтік желіден ұрпақты аздыратын, ұлтты мазақ ететін бейнекөрініс жасаушыларды көріп қаламыз. Олардың діттеген мақсаты ұлтымыздың болашағынан айыру ғой. Мұндай жат пиғылдыларға дер кезінде тосқауыл қойып, ой-өрісі қалыптаспаған жас буынның назарын өз құндылықтарымызға аудару керек-ақ. Осы тұста айтарым, жастар ең алдымен үлкендерден үлгі алады. Егер біз өскелең ұрпаққа ісімізбен де, сөзімізбен де үлгі-өнеге бола алмасақ, ұрпақаралық сабақтастық қайда қалады? Жастарға жол сілтеу, ақыл айту, кеңесу, сырласу арқылы білгенімізді үйрету, ата-баба аманатын жеткізу ісіне бей-жай қарауға болмайды. Біз қазір орта буын өкіліміз, бала кезімізден үлкендердің тәлім-тәрбиесін көріп, әдет-ғұрыпты бойымызға сіңіріп өстік. Өмірден көрген-түйгеніміз де аз емес. Әрі ұрпақ қамын, ұлт болашағын бірінші кезекте Ана ойлайды. Тәрбие анадан басталады, ананың ақ сүтімен келеді емес пе?! «Ел боламын десең бесiгiңдi түзе» деген, сол бесiктi тербетiп отырған әйел-аналар өз діліне берік болса бала қайда барады.
Мен жастармен жиі кездесемін. Олар – ертең ел тізгінін ұстайтын буын. Жастарға білгеніңді үйрету, тәжірибеңді бөлісу, жақсы ортаға тарту – ұрпақ сабақтастығы деген осы. Жалпы жас ұрпақ тәрбиесі – бүгінде әрбір саналы азаматты алаңдатып отырған ең өзекті мәселе. Менің түсінгенім, ұлтты сақтайтын тек ұлттық құндылықтарымыз, қазақы тәрбие. Басқа жол жоқ. Балабақша, мектеп аралап жүріп көзім көрген, естіген, көрген түрлі оқиғалар бар. Ана тілінде сайрап тұрған, уызына жарыған баланы көрсек қуанамыз, өзге тілде шүлдірлегенін көрсек жанымыз ауырады. Мен қазір Дін басқармасы ұйымдастырған курста ұлттық құндылық жайлы дәріс оқып жүрмін, сонда байқағаным – өзге ағымға берілген отбасылардың балаларына сөзіңді өткізу өте қиын екен. Олар қазақылықтан жұрдай болып барады. Әрбір күнді мемлекеттік әнұранымызбен бастаймыз, сондай кезде қап-қара киінген қыздардың қолын жүрегінің тұсына қоймай, немқұрайды тұратынын көргенімде Абай атамыз айтқандай, «шошимын кейінгі жас балалардан». Туған елінің әнұранын тыңдағысы, мойындағысы келмейтін жас өрен ертең кім болып өседі? Бұлар еліміздің болашақ азаматтары ғой! Санасы уланған ұрпақ қана қазақылықты жат санайды, салт-дәстүрге теріс қарайды. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейту керек. Тоқтамау керек. Ұлтты сақтау керек. Судың да сұрауы бар. Ата-бабадан қалған аманат үшін әрқайсымыз жауаптымыз. Жастарымыз жаһандануға жұтылып кетпей, ұлттық болмысынан ажырамай, рухани иммунитетін сақтап, нағыз қазақ болсыншы деген ой тыным таптырмай, қолдан келгенше әрекет етіп жүрген жайымыз бар.
– Негізі бұның бәрі балалық шақтан басталады ғой. Баланың бойындағы бүкіл қасиет – отбасында көрген үлгі-өнегенің жемісі. Кезінде 90 жылдары күнкөрістің қамымен бала тәрбиесі ақсап, олар көп дүниеден құралақан қалды дедік. Бүгін енді барлығын интернетке, адам санасын жаулаған әлеуметтік желілерге апарып тірейміз. Қазір дүниеге келген жас сәбидің өзі смартфоннан бас алмайтын болды, бүкіл бала атаулы TikTok, YouTube және басқа желінің тұрақты тұтынушысы. Ал ол жақта кім жоқ дейсіз, ерінбеген жанның бәрі өз контентін ұсынып жатыр. Оның ішінде күлдібадам, жеңіл әзіл, түкке тұрғысыз әңгімеден бастап азғындыққа шақыратын теріс пиғылды бейнелерге дейін бар. Әйтсе де балаларды күні бойы бақылап отыру мүмкін емес дейді ата-аналар. Ендеше осы тығырықтан шығудың жолы қандай, сіз не дер едіңіз?
– Менің түсінгенім – ұлтты сақтайтын тек ұлттық құндылықтарымыз, қазақы тәрбие. Басқа жол жоқ. Салт-дәстүріміз – мәдениет пен әдептің тұнып тұрған бастауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының да басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тәрбиелі һәм саналы, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу ғой. Біздің де ұстанымымыз осы. Алаш арыстары аңсаған рухы биік, ойы озық, санасы ояу, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындап, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген алғыр, білімді, намысшыл, отансүйгіш жас ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ парыз. Осынау алмағайып заманда ұрпақ тәрбиесіне баса мән беретін уақыт келді. Салғырттық таныта берсек, жас буын болашағын уыстан шығарып аламыз. Келесі ұрпаққа қандай мұра қалдырып, қандай құндылық қалыптастырып кететініміз біздің әрқайсымыздың бүгінгі әрекетімізге байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Бүгінде қазақ болғысы келмей өз ұлтынан безіп, ұлттық рухынан ажырағандар аз емес, олар өз халқының тілі мен ділін түсінбейді, менсінбейді. Басқа ұлттың қаңсығы керемет те, өзін жаратқан ұлттың салт-дәстүрі жаман. Бұл ұлттық тамырдан ажырағандықтың «жемісі». Кей-кейде осындай көріністерді көргенде қатты қынжыламын. Олардың қатарын көбейтпеу үшін ұлт құндылығын ұлықтайтындар көп болуы керек. Бұны ең алдымен жастар арасында жүргізу керек деп есептеймін. Ұрпақ тәрбиесі, ұлт құндылығы деп балабақшадан бастап мектеп, жастар, оқу орындарын аралап, әдет-ғұрып, ұлттық тағам мен киім, зергерлік бұйымдар жайлы дәріс оқыдым, түрлі сайыстар өткізіп келеміз.
Жастар көп шоғырланған ең үлкен алаң – әлеуметтік желілер. Біраз уақыттан бері TikTok әлеуметтік желісінен парақша ашып, ол жақта да тәлім-тәрбиелік бағыттағы ақпарат пен білімімді бөлісіп жүрмін. TikTok-та пайдалы, жақсы контент жоқ деп айта бергенше, оның орнын басатын жағымды дүниелерді өзіміз ұсынуымыз керек. Әдет-ғұрпымыз жайлы ақпаратқа қызығушылық танытып, пікір білдіретін оқырман қатары көбейіп келеді. Қазіргі жастар құр сөзді емес, көзбен көргенді, әдемі, тартымды, сапалы бейнероликтерді көруге құмар, сондықтан YouTube арналарда да қазақи құндылықтарымызды барынша насихаттаған дұрыс. Егер қолдау болса бұл бағытта көп іс тындыруға болар еді. Әзірге өз шамамызға қарай әрекет етіп жүрміз. Ұлт болашағына шынайы алаңдайтын ағайынға ой салатын, ойланатын, оятатын дүние жасап жүрміз, жасай береміз. Қазір той тойлап, гәккулететін заман емес, жаһанданудан ұлтымызды сақтап қалатын сын кезеңдеміз. Қазақтың болашағы үшін әр қазақ жауапты. Бұл менің нағыз қазақ ретіндегі және аналық жанайқайым.
– Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында мемлекет басшысы: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек», – деп маңызды ой тастады. Мұндағы тәрбие дегеніміз ең алдымен ұлттық құндылықтарға негізделген асыл қасиеттер екені белгілі. Сіздің ойыңызша, өскелең ұрпақ халқымыздың озық дәстүрін жастайынан санасына сіңіріп, әрі заманға сай жан-жақты болып өсуі үшін не істеу қажет?
– Қазіргідей алмағайып заманда ұлтты сақтау үшін көкірек көзінде сәулесі бар, ұлтының тағдырына алаңдайтын, әр қазақ мың қазақтың жүгін арқалауы керек. Ұлт болашағына жаны ашымайтын, көкірек көзі соқыр, рухани мешелдер көбеймеуі үшін ағартушылықпен айналысуымыз керек. Ұлттық дәстүр, салт-сана, өнер, ән-күй, қазақтың дастарқаны мен тағамдары, қонақ күту сияқты дәстүріміздің бәрін шашпай-төкпей жастарға жеткізу – біздің буынның міндеті. Талай заманнан бері осылай болып келді және жалғасуы керек. Санасы сергек, көкірегі ояу жастарды қазақылыққа бейімдеп, осы жолға бағыттасақ, жол-жоба көрсетсек нәтиже болатынына көзім жетті. Ісімізді іліп алып, замандастары арасында дәстүр-салтымызды насихаттап жүрген алғыр, рухты шәкірттеріміз аз емес. Олар әр облыста халықпен кездесулер өткізеді, қолөнермен, зергерлікпен айналысады. Еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін зейіні ауған әлеуметтік желілерде тарихи, ұлттық құндылықтарға қатысты сапалы мағлұмат, ойлы контент қосу арқылы осы алаңның әлеуетін де пайдаланып жүр.
Ата салтымыз жойылмасын десек, ең алдымен мектеп бағдарламасына «Қазақтың салт-дәстүрі» деген пән енгізуді ұсынар едім. Бұл балалардың әдет-ғұрпымызды құрметтеп, қадірлеп өсуіне ықпал етумен қатар, өмірде дұрыс қолдануына көмектеседі. Сондай-ақ кейбір білімсіздердің ұлттық дәстүрлерімізді бұрмалауына немесе теріске шығаруына тосқауыл болады.
Тіл мен ділді сақтау, отбасындағы әкенің мәртебесі, ананың тәлімі, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты ізгі дәстүрлеріміз – жаһандану заманында қазақ болып қалудың басты шарты. Ұрпағымыз адаспай, ұлт құндылығын бойына сіңіруі үшін аянбай еңбек ете беруіміз керек. Бұл да бір көзге көрінбейтін мәдени майдан. Халқымыздың тілі мен ділін, ұлттық санасын, әдет-ғұрпын, төл мәдениетін сақтап қалсақ – қасиетті қара шаңырақ – мемлекетіміздің де сақталғаны. Осы мақсатқа жету үшін бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық, ізгілікті істе бір-бірімізді қолдайық дер едім.
– Әңгімеңізге рақмет!