Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты даудан кейін тексеріс басталды

Qaz365.kz редакциясы

Президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, мекеме ұжымымен және білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті

Фото: Президент әкімшілігі

Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты жағдайды жан-жақты және объективті тексеру үшін Алматыға Президент әкімшілігінен комиссия барды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, мекеме ұжымымен және білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.

Тексеру аясында Президент әкімшілігі өкілдері балалар үйіндегі тұрмыс және тәрбие жағдайымен танысып, іргелес жатқан инфрақұрылым ғимараттарын аралап көрді.

Қазір балалар үйін көшіру туралы шешімге қатысты құжаттарды жинау және талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетім балаларға қатысты заңнамада көзделген барлық әлеуметтік және құқықтық кепілдіктің сақталуына ерекше назар аударылады. Тексеру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіруге тыйым салды.

Сондай-ақ Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы балалардың көшірілуіне қатысты түсініктеме берді.