Балалар бірінен бірі ажырап қалмайды
«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматы қаласында білім алуын жалғастырады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі таңда Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері нысанды қаланың қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.
Техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен бірі ажырап қалмайды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Сонымен қатар тәрбиеленушілер Алматыда өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырмақ. Қала басшылығы балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатпағанын атап өтті.
Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету Алматы қаласы әкімдігінің және Оқу-ағарту министрлігінің басты назарында. Балалардың оқуы мен тұрмыс жайы әрдайым жіті бақылауда болады, — деп түсіндірді Алматы әкімдігі.