Атақты ғарышкер, Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі 6 тамыз күні Алматыда өтеді. Бұл туралы «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz356.kz.
Қоштасу шарасы таңғы сағат 09:00-де Алматы қаласындағы Офицерлер үйінде басталады. Одан кейін батырдың рухына тағзым ету мақсатында 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта митинг ұйымдастырылады. Талғат Амангелдіұлы Кеңсай зиратына жерленеді.
Айта кетейік, кеше, 4 тамызда әйгілі ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевтың 73 жасында дүниеден өткендігі хабарланған болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қазасына байланысты көңіл айтты.
Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричное ауылында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның тұңғыш кәсіби ғарышкері, үш рет ғарышқа ұшқан санаулы жерлестеріміздің бірі. Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы.
Мемлекеттік қызметтегі мансабы да жемісті болған Талғат Мұсабаев 2007–2016 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ал 2017–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарған.