Әйелдердің кәсіби және тұлғалық дамуын қолдау мақсатында «Бағдар» жобасы өтті
Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің ұйымдастыруымен әйелдердің кәсіби және тұлғалық дамуын қолдау мақсатында «Бағдар» жобасы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоба әйелдердің ішкі әлеуетін ашып, өмірлік қиындықтарды еңсеруге мотивация беруге бағытталған. Сонымен қатар, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру және табысты әйелдердің қатарын көбейту мақсатында қолға алынған. Одан бөлек, түрлі салада жетістікке жеткен нәзік жандылардың табыс жолын насихаттау арқылы қатысушыларға үлгі болу көзделген. Іс-шара аясында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамы бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова, кәсіби психолог Жазира Әбділман, «Айкафуд» және «Arabica» кофеханалар желісінің негізін қалаушы, кәсіпкер Айгерім Номанова қатысушыларға өз тәжірибесінен тағылымды мәліметтер айтты.
Аталмыш спикерлердің мотивациялық баяндамаларынан кейін сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар көкейіндегі сауалдарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Жалпы елімізде іскер қыз-келіншектер өз кәсібімен экономикамызға үлкен үлес қосып келеді. Бүгінгі жиынның мақсаты да сол, әйелдердің мәртебесін көтеру, оларды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласын дамыту саясатын іске асыру секілді міндеттерді көздейді. Қыз-келіншектердің кәсіпте өркендеуі тек отбасы үшін ғана емес, қоғамға да пайдалы. Бүгінде әйелдер барлық салада жетістікке жетіп жатқандығы белгілі. Қоғамда әйелдер де кез келген саланы иіріп кете алады. Үй шаруасында да, жұмыста да, мемлекеттік қызметтерде де әйелдер өздерін табыскер, еңбекқор ретінде көрсетуге мүмкіндіктері көп.