Түркістан қаласындағы Отбасын қолдау орталығында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар мен азаматшаларға арналған отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Жақсы ой жақсылыққа жетелейді» атты психотренингі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шара қоғамдағы отбасылық саясатты нығайту мақсатында ұйымдастырылған. Сонымен қатар, отбасы мүшелеріне психологиялық қолдау көрсету, өзара қарым-қатынас мәдениетін дамытуға, мінез-құлықтағы жағымды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Одан бөлек, қатысушылардың эмоционалдық көңіл-күйлерін жақсарту, топтық жұмыс жүйесін нығайту және қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыру басты назарға алынған. Мұндай психологиялық кездесулер азаматтардың өмірге деген құлшынысын оятып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ, орталықта азаматтар некені бұзу, алимент өндіріп алу, шоттардың бұғатталуын алып тастау, тұрғын үй немесе жер учаскесі кезегіне қою, әлеуметтік жәрдем алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құжаттарды қалпына келтіру мәселелері бойынша сұрақтарға да жауап ала алады.
Бүгінде отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы шаралардың мемлекет үшін стратегиялық маңызы айқын көрінеді. Бұл — әлеуметтік тұрақтылық, демографиялық дамудың кепілі, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен моральдық-этикалық негіздерді сақтау үшін маңызды. Жалпы отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шаралар қоғамдағы ажырасу, отбасылық жанжалдардың алдын алады. Сондай-қ, тәрбиелік бағыттағы бағдарламалар мен психологиялық қолдау арқылы адамдар отбасындағы рөлін терең түсінеді, қиын сәттерде сабыр мен түсіністік танытуға үйренеді.