Түркістан қаласында қыз-келіншектердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған «Ісмер ана» жобасы жүзеге асуда

Qaz365.kz редакциясы

 

Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында ересектерге арналған «Ісмер ана» жобасы қолға алынған, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

Қоғамда көпбалалы аналардың мәселесі бүгінгі таңда өзекті сипат алған. Осы ретте, Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» өз үлесін қосып, үйінде жұмыссыз отырған көпбалалы аналарға бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау және қыз-келіншектердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға көмек беріп жүр. Аталған курста толық білім алған аналар «Оқушылар сарайы» мен Түркістан облысының кәсіпкерлік палатасы арасындағы меморандум арқылы сертификат алып, өз кәсіптерін жалғастыра алады. Сондай-ақ, қазіргі таңда бұл жоба кеңінен қолдау тауып, өңірдегі аудан, қалаларда «Ісмер ана» жобасының филиалдарын ашу жоспарлануда.

Қазіргі таңда бұл мекемеде 6 бағыт бойынша 60-қа жуық үйірме жұмыс істеп, 1200-ден астам 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер мен ересектер қосымша білім алуда. Атап өтсек, мұнда барлық пәндер мен бірнеше шет тілі, IT-технология, спорт, зергерлік өнер, ағаш шебері, дәстүрлі ән және аспаптар бойынша және т.б. үйірмелер бар. Көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары аталған үйірмелерге тегін қатыса алады.

Айта кетейік, Түркістан – еліміздегі бала саны ең көп өңір. Көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір бесінші сәби Түркістан облысында дүниеге келеді екен. Сондықтан әсіресе, Түркістан өңірңнде балаларға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Жалпы Қазақстанда төрт және одан да көп баласы барлар көпбалалы отбасы болып саналады. Бүгінде елімізде көпбалалы аналарға жәрдемақы ғана емес, мемлекет тарапынан жұмысқа тұрғызу мен несиелендіру, бизнес ашуға мүмкіндік жасалған.