Отбасылық құндылықтарды қайта қалыптастыру мен нығайту жолдары қандай?

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен отбасылар, пробациялық есепте тұрған азаматтар, білім беру ұйымдарының қатысуымен отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған түрлі шаралар өтуде, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Аталмыш орталық тарапынан «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас қағидаты», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Денсаулық – отбасы бақыты», «Әріптестік қарым-қатынас мәдениеті», «Суицид, лудомания қатері», «Қоғаммен қарым-қатынас қағидаты», «Заң мен жауапкершілік» тақырыптарында түсіндірме жұмыстары мен кездесулер өтеді.

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік маманы Алтынай Данышбаеваның сөзінше отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу - бұл тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды қайта қалыптастыру мен нығайтудың негізгі тетігі. Зорлық-зомбылық бар жерде мейірім, сенім, сыйластық сияқты отбасының іргелі ұстанымдары бұзылады. Сондықтан алдын алу жұмыстары тек құқықтық шеңберде емес, психологиялық, әлеуметтік және тәрбиелік деңгейде де жүргізілуі тиіс. Зорлық-зомбылықтың алдын алу арқылы отбасының ішкі климатын жақсарту мүмкін болады. Отбасында сенімді қарым-қатынас, өзара құрмет, ашық әңгімелесу мәдениеті қалыптасады. Бұл – баланың көзінше шешілетін даулардың бейбіт сипат алуына және олардың дұрыс өнеге көруіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жүйелі алдын алу жұмыстары ерлі-зайыптылар арасындағы тең құқылық, эмоционалды қолдау және өзара түсіністік құндылықтарын орнықтырады.

Қорытындылай келе, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның міндеті. Себебі отбасындағы тыныштық елдегі тұрақтылық пен рухани мәдениеттің кепілі.