Түркістан: Отбасын қолдау орталығы өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек беруде

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» мамандары Д/Е санатындағы отбасыларды анықтау мақсатында жыл басынан бері 445 мекенжайды аралаған, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Бүгінгі күнге дейін орталыққа 537 отбасы түрлі себептермен өтініш білдірген. Оның ішінде, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй мен денсаулық мәселесі, құқықтық және психологиялық кеңес, демеушілік көмекке өтініш, сондай-ақ түрлі оқыту курстарына қатысуға өтінім бергендер бар. Бүгінде «Отбасын қолдау орталығы» өз қызметін ұйымдастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды іске асыруда «FSM Social» ақпараттық жүйесін пайдаланады. Бұл процестерді тиімді басқаруға және өзгерістерге бірден жауап беруге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, орталық өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды, яғни отбасыларды мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіреді. Одан бөлек, отбасылардың тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністікті арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алады. Сондай-ақ, орталықтарда психологтар тарапынан эмоционалдық қолдау көрсетіліп, отбасындағы жанжалдардың алдын алу, балалардың мінез-құлқындағы өзгерістермен жұмыс жүргізіледі. Ал, құқықтық кеңес берушілер ата-аналар мен қамқоршыларға құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында көмектер ұсынады. Әлеуметтік мамандар дағдарыс жағдайындағы отбасылармен жеке жұмыс жүргізіп, олардың қайта бейімделуіне жағдай жасайды. Осылайша жан-жақты қызметі арқылы қоғамда отбасылық жауапкершілік пен құндылықтар жүйелі түрде қалпына келтірілуде.