Түркістан: Арыс қаласында азаматтарға өз құқықтарын білу және қорғау тетіктері түсіндірілуде

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан облысына қарасты, Арыс қаласында адам құқықтарын қорғау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында «Зорлық зомбылықсыз қоғам — жарқын болашақ кепілі» атты шара өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгінде аталған жұмыстар аясында өңірдегі ауылдық елді мекендер мен қалаларда семинарлар, тренингтер, кездесулер ұйымдастырылып, азаматтарға өз құқықтарын білу және қорғау тетіктері түсіндірілуде. Бұл бастама адамның өмір сүру қауіпсіздігіне, ар-намыс пен қадір-қасиетін қорғауға, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті дамыту – қоғамда әділеттілік пен заң үстемдігін нығайтуға ықпал етеді.

Осы орайда Арыс қаласы полиция бөлімнің «Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес» тобының инспекторы Айдана Мақұлбекова және «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Клара Төлебаева бірлесіп, «Зорлық зомбылықсыз қоғам - жарқын болашақ кепілі» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мамандардың айтуынша, азаматтар өз құқықтары туралы неғұрлым көп білсе, зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым артады. Зорлық-зомбылықпен күрес - бұл тек бір оқиғаның салдарын жою емес, тұтас қоғамның құқықтық және мәдени деңгейін көтеру жолындағы маңызды қадам. Бұл жұмыс адам құқығын қорғау мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға тікелей ықпал етеді. 

Сонымен қатар, шара отбасындағы қарым-қатынаста сыйластық пен сенімділік орнату, балаларды ерте жастан мейірім мен жауапкершілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған. Бұл шара қатысушылардың зорлық-зомбылық мәселесіне назарын аударуға, сондай-ақ, онымен күресу жолдарын түсінуге көмектеседі.