"Әуеде ұшу арманы еді": Сорбұлақ көлінде құлаған тікұшақтағы командирдің інісі ағасы жайлы естелігін айтты

Әдлет Нұран

Сорбұлақта мәйіті табылған Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі туған жеріне жеткізілді

скриншот

Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында Медет Қайратұлы марқұмның артында бір ұлы қалғанын айтты. 

Экипаж командирі Ержігіт Үйсінбаевтың туған інісі Медет Қайратұлының айтуынша, ағасы іздеу жұмыстарының 15-ші күні табылған. Ержігіттің артында үш жарым жастағы бір ұлы қалған.

“Кеше таңғы сағат жетілердің шамасында сол жақта болдық. Водолаздар түскеннен кейін “тікұшақты таптық” дегендей хабар келді. Барсақ, “ішінде бір адам бар” деді. Сол адамды алып шықты. Мен ағама ұқсаттым. Өз көзіммен ағамның жүзін көрдім. Таныдым. Сол қалпында жатыр екен. Водолаздар дене “тікұшақтың сыртында болды” деді. Кешкісін үйге ұшақпен алып кетті. Енді жер қойнына тапсырып жатырмыз”, – дейді ол.

Медеттің айтуынша, Ержігіт Үйсінбаев 2010 жылы Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері оқу орнына барған. 

“Оқуға түскен кезде қатты қуандық. Өзінің арманы еді. 2014 жылы лейтенант шенімен шығып, содан бері тікұшақты жүргізген. Жалпы ұшу өтілі 15 жыл. Тікұшақты қатты жақсы көретін еді. Сол тікұшақпен кетті. Құдай алды.

Адал, ұқыпты, мінезі тік, қылтың-сылтыңы жоқ, тура жүретін адам еді. Ішпейтін, шекпейтін. Еңбекқор еді. Үйдің үлкені болғаннан кейін қамқоршы болды. Бәріміз оған еркелеп жүрдік қой. ”, – дейді Медет.

Медет ағасының денесін табуға барын салған құтқарушыларға алғысын айтты. “Неше күннен бері батпақ кешіп, іздеді. Оларға алғысым шексіз. Қолбасшы бәрі сол жерде жүрді. Ағамның денесін тауып бергені үшін бәріне алғыс айтам” дейді ол. Медет сонымен бірге тергеу жөнінде ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Қорғаныс министрлігі EC-145 тікұшағы құлаған  аймақтан тың ақпарат таратып, екінші адамның денесі табылғанын хабарлаған еді. Кеше бірінші адамның мәйіті судан анықталып, сыртқа шығарылған.

Оқиға болған алғашқы сағаттардан бастап барлық қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылып, іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Аэроғарыш комитетінің қолдауымен спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулер жүргізілген. Айта кетейік, Алматы облысында әскери тікұшақтың жоғалғанына он күннен асты. Іздеу жұмыстары Сорбұлақ көлінде жалғасып жатыр.