Баға айырмашылығы сәбіз, пияз, қырыққабат, сүт және айран сияқты басқа да өнімдер бойынша тіркелген
Абай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қатысты заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Прокуратура хабарлауынша, Абай облысының Аягөз ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын қалыптастыру кезінде бірқатар заңбұзушылықтар тіркеліп, жүргізілген талдау нәтижесінде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауардың 6 түрі шекті бағадан асып сатылған. Мәселен, картоптың шекті бағасы 275 теңге болып белгіленсе, нақты сауда орындарында оның бағасы 415 теңгеге дейін жеткен. Бұл – 44%-ға артық. Осындай баға айырмашылығы сәбіз, пияз, қырыққабат, сүт және айран сияқты басқа да өнімдер бойынша тіркелген.
Прокуратура заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті мониторинг жүргізілмегенін және облыс орталығына ұсынылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. Яғни, нақты бағалар бұрмаланып, төмендетіп көрсетілген.
Сонымен қатар, ауданда әлеуметтік осал топтарға арналған әлеуметтік дүкендер мүлде жоқ болып шыққан. Бұл жағдай халықтың осал санаттары үшін қолжетімді азық-түлікке деген қолжетімділікті одан әрі қиындатқан. Анықталған заңбұзушылықтардан кейін аудан прокуратурасы тиісті шаралар қабылдады.