Сынған ағаш әйелдің үстіне құлады: әкімдік мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Pixabay.com

13 тамызда Алматыда сынған бұтақ жаяу жүргіншінің үстіне құлап, әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қайғылы жағдай Қарасай батыр көшесі мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.

Оқиға орнына келген мамандар бұтақ сынған ағаштың жасыл әрі қанағаттанарлық жағдайда екенін анықтады.

Ағаштың санитарлық кесуге жататынын немесе бұтақтары не тұтас ағаштың құлау қаупін тек сыртқы қарау арқылы болжау мүмкін емес, себебі ағаш жасыл еді және қурау белгілері жоқ, – делінген Алматы қаласы әкімдігінің хабарламасында.

Сондай-ақ ведомство 2024 жылы тұрғындардың өтініші бойынша аталған аумақта емен ағашын санитарлық кесу жүргізілгенін, ал 2025 жылы тұрғындардың сұрауымен Шәріпов пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында екі апатты терек ағашы кесілгенін атап өтті.

Алайда бұл ағаш бойынша биыл ешқандай өтініш түспеді және оны кесуге алғышарттар болмады, себебі ағаш жасыл, қанағаттанарлық күйде, қурау немесе апаттылық белгілері байқалмаған, – делінген хабарламада.

Ал Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.