«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай қызметінен кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек - ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі.Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», - деді Ләззат Танысбай бүгін корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде.
Ләззат Танысбай 1973 жылдың 11 қазанында Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында дүниеге келген.
Алматы халықаралық журналистика институтын тәмамдаған. Халықаралық бизнес университетінің МВА дәрежесін қорғады.
Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикалық телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады, одан кейін репортер және тележүргізуші қызметін атқарды. «Хабар» Агенттігінің іргетасы қаланған күннен бастап (1996 ж.- 2002 жылға дейін) жаңалықтар қызметінің редактор-жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті.
2002 жылы мемлекеттік қызметке ауысты. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, Бас инспектор қызметтерін атқарды.
2005 жылдың қыркүйек айынан бастап 2008 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болды. 2008 жылдың қазанынан бастап 2011 жылдың қарашасына дейін – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2011 жылы ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі болып тағайындалды. 2012 жылдың ақпанында «Астана қ. теледидары» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдың 5 шілдесінен бастап «НҰР-Медиа» холдингін қатар басқарды.
2019 жылдың 8 сәуірінен бастап «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы болып тағайындалды.
Дереккөздердің хабарлауынша, енді «Еуразия» арнасын басқарады.