Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» директор орынбасары, психолог Ирина Иманбектің айтуынша қоғамдағы әйелдің рөлін ана, жұбай, қызметкер деп бөліп қарастыру жеткіліксіз. Ол - тұтас бір ұрпақты тәрбиелеуші, ұлттық құндылықтарды сақтаушы, әлеуметтік дамуға үлес қосушы әрі жеке дара тұлға, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол сұхбат барысында Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» әйелдердің құқығын қорғау, оларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету арқылы отбасының тұрақтылығын сақтауға үлес қосатынын жеткізді. Аталған орталықта кәсіби психолог мамандар тарапынан тегін психологиялық қызметтер ұсынылады.
«Психология тұрғысынан алғанда, әйелдің рөлі көпқырлы. Әйел – ана. Ана болу арқылы ол балаға тек өмір сыйлап қана қоймайды, сонымен қатар оның психологиялық, эмоционалдық және әлеуметтік дамуына үлкен ықпал етеді. Баланың алғашқы тұлғалық қасиеттері, өзін-өзі бағалауы, сенімділігі, мейірімділігі көбіне ананың махаббатынан, қабылдауынан бастау алады. Екіншіден, әйел - қоғам мүшесі, белсенді азамат. Қазіргі заман әйелдері тек үй шаруасымен шектеліп қалмай, түрлі салада еңбек етіп жүр, ғылымда, білімде, медицинада, саясатта, бизнесте. Үшіншіден, әйел - тең құқықты тұлға. Өкінішке қарай, дәстүрлі көзқарастардың әсерінен кейде әйелдің рөлі тек үй шаруасымен шектеліп, оның жеке әлеуетін ашуға мүмкіндік берілмей жатады. Қазіргі кезеңде гендерлік теңдік мәселесі де жиі қозғалып жүр. Бұл - әйелдің ер адаммен бәсекелес болуы емес, қайта оның мүмкіндіктерін әділ бағалау, өзін-өзі дамытуға жағдай жасау. Әйелдің қоғамдағы орны биіктеген сайын ұлттың рухани деңгейі де көтеріледі»,- деді маман.