2024 жылдың қорытындысы бойынша тозығы жеткені 25 пайыз
Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтан Qaz365.kz тілшісі өңірлердегі ескі автобустардың жай-күйі жайлы сұрады.
Министр бұл сұраққа Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Селим Қуанышұлы жауап беретінін айтты.
«Қазіргі таңда елімізде 10500 автобус халыққа қызмет көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тозығы жеткені 25 пайыз. Осыдан 4 жыл бұрын бқл көрсеткіш 45 пайызды құраған. Жылдан жылға жаңарту жүргізіліп жатыр. Оның көбі Үкіметтен жергілікті атқарушы органдарға тиісті қаражат бөлініп, жеңілдетілген лизингімен автобустар сатылып алынады. Тасымалдаушылардың алып жатқан автобустары жартысы Үкіметтің көмегі арқылы, жартысы өздерінің тасымалдан тапқан пайдасы арқылы алынады. Оның сыртында жергілікті атқарушы органдар әрбір әлеуметтік маңызы бар автобус тасымалына жергілікті бюджеттен субсидия бөлінеді. Бұл жылдан жылға көбейіп, автобустарды жаңарту жұмыстары жүргізліп жатыр», - деді Қуанышұлы.
Сондай-ақ құзырлы органнан ескі автобустардың халық үшін қаншалықты қауіпсіз екенін және министрлік қалай бақылайтыны да сұралды.
Сөзінше, жолаушылар тасымалдайтын автобустар жылына 2 рет техникалық байқаудан өтеді. Егер ол тексерістен өтпеген жағдайда жолаушылар тасымалдау қызметіне жұмылдырылмайды. Екіншіден, кез келген автобус маршрутқа шығатын күні күн сайын таңертең автопаркте техникалық байқаудан өтеді. Бүкіл қауіпсіздікке қатысты мәселелер қарастырылады.