«Русская казашка» Петербургте балаларын мектепке орналастыра алмай жүргенін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Оның сөзінше, құқықтарын қорғау үшін ол әкімдікке және орыс қауымдастығына жүгінген.

tiktok.com/@aliya.tolstykh

«Русская казашка» лақап атымен танымал блогер Әлия Толстых Санкт-Петербургте балаларын мектепке беру кезінде қиындыққа тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, құжаттарының бәрі дұрыс болғанына қарамастан, мектеп балаларды қабылдаудан бас тартқан. Себебі алдымен Ресей ІІМ-нен оның елде заңды түрде тұрып жатқаны және тіркеуінің дұрыстығы жөнінде растау қажет екені айтылған.

Санкт-Петербург әкімдігінің білім бөлімінде маған ІІМ-нен растауды күтіп отырғандарын жеткізді. Тек содан кейін бізді орыс тілінен емтиханға жібереді екен. Бірақ уақыт аз қалды: тамыздың соңы, ал қыркүйектің 1-і – әрбір оқушы мен ата-ана үшін мереке. Алайда біз бармақшы болған неміс тілін тереңдетіп оқытатын мектеп тіпті салтанатты сапқа тұру рәсіміне де қатысуға рұқсат бермеді, - дейді Толстых.

Оның сөзінше, құқықтарын қорғау үшін ол әкімдікке және орыс қауымдастығына жүгінген, нәтижесінде оған адвокат берілген.

Айта кетейік, Әлия Толстых әлеуметтік желілерде арандатушы пікірлері үшін бірнеше рет қазақстандық желі қолданушыларының қызу талқылауына түскен.